$ 544.26 € 634.72 ₽ 6.52

Жамбыл облысындағы сарбаздың қазасына байланысты арнайы комиссия жіберілді

Абдрахманов Мағжан
18 қыркүйек 2025 17:06 341
Жамбыл облысындағы сарбаздың қазасына байланысты арнайы комиссия жіберілді

Жамбыл облысы Мәтібұлақ ауылындағы 01098 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбектің қаза табуына байланысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонында мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді.

Бұған дейін қаза тапқан сарбаздың әпкесі Еңлік Қалтаева бауырының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып, Президенттен істі әділ тергеуді сұраған еді. Оның сөзінше, Дінмұхаммед Шымкенттен әскерге шақырылып, бауыры Даниялмен бірге Отар гарнизонында қызмет еткісі келген, алайда ант қабылдағаннан кейін белгісіз себеппен басқа әскери бөлімге ауыстырылған.

Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Қазір істің барлық мән-жайы тергеліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар