$ 489.3 € 578.94 ₽ 6.38

Жамбыл облысында соққыға жығылған сарбаз сауыққаннан кейін қызметін жалғастырады

Абдрахманов Мағжан
18 ақпан 2026, 15:09
Жамбыл облысында соққыға жығылған сарбаз сауыққаннан кейін қызметін жалғастырады Сурет авторы: Қорғаныс министрлігі

Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында соққыға жығылған мерзімді әскери қызметші Есбол Қапарды алдағы бір ай ішінде Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальдан шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, толық сауығып шыққаннан кейін сарбазға денсаулығына байланысты демалыс беріледі. Одан соң ол өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.

Госпиталь дәрігерлері әскери қызметшінің жағдайында оң өзгеріс бар екенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, оның психологиялық ахуалы тұрақтанған, ақырындап шайнайды, сондай-ақ аузын аша алады. Жақын күндері бекіткіш шиналарды алу жоспарланып отыр.

Оқиға Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде болған. Жанжал салдарынан сарбаздың төменгі жақ сүйегі сынған. 27 қаңтарда әскери полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу басталған.

Бұған дейін бірнеше лауазымды тұлғаның қызметінен уақытша шеттетілгені хабарланған.

– Барлық қатысы бар тұлғаның, сондай-ақ оқиға туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылық жіберген әскери бөлімнің лауазымды адамдарының әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға беріледі, – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігінде.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар