$ 485.4 € 550.69 ₽ 6.41

Жалақы өсе ме, әлде инфляция жеңе ме: Жұманғарин маңызды мәлімдеме жасады

Редакция
26 маусым 2026, 16:02
Жалақы өсе ме, әлде инфляция жеңе ме: Жұманғарин маңызды мәлімдеме жасады Сурет авторы: Agibay Ayapbergenov/ Kazinform

Қазақстанда келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін арттыру мәселесі қарастырылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді.

Министр инфляцияның экономикаға әсері туралы ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, соңғы бес жылда инфляция деңгейі кемінде 8%, ал кей кезеңдерде 10%-ға дейін жетіп отыр.

«Инфляция – бұл процестің бір бөлігі. Алайда, ерте ме, кеш пе, инфляция халықтың нақты табысын «жеп» қояды», – деді Жұманғарин. Қазіргі таңда экономиканың өсімі байқалғанымен, халықтың табысы сол деңгейде көтерілмей отырған мәселе бар.

Вице-премьер мәселені тек жалақыны өсіру арқылы шешу мүмкін емес екенін баса айтты. Оның пікірінше, тұрақты шешім табу үшін кешенді шаралар қажет:

 Экономиканың түрлі секторларында еңбек өнімділігін арттыру.

 Тұрақты жұмыс орындарын құру.

 Адами капиталды дамытуға басымдық беру.

Дегенмен үкімет азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында тікелей әлеуметтік шараларды да естен шығармайды. Келесі жылдың бюджетінде ең төменгі жалақыны көтеруге бағытталған қадамдар жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала мамандарының жалақысын көтеру мәселесі де талқылануда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспары бар екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар