$ 481.83 € 556.8 ₽ 5.85

Зейнетақы жинағының бір бөлігі "ортақ қазанға" кетуі мүмкін

Абдрахманов Мағжан
26 наурыз 2026, 17:56
Зейнетақы жинағының бір бөлігі "ортақ қазанға" кетуі мүмкін Сурет авторы: Pixabay

Қазақстанда жұмыс берушілер аударатын міндетті зейнетақы жарналарының бір бөлігін ортақ сақтандыру шотына бағыттау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс тобы түрлі тетіктерді қарастыруда. Соның бірі – жұмыс берушінің 5 пайыздық міндетті жарнасын қайта бөлу. Ұсынысқа сәйкес, оның 4 пайызы қызметкердің жеке зейнетақы шотына түссе, 1 пайызы ортақ сақтандыру қорына жіберіледі.

Бұл ортақ қор зейнетақы жинағы аз немесе тез таусылатын азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталмақ. Яғни, жүйе арқылы азаматтардың өмір бойы зейнетақы төлемдерін алуына жағдай жасау көзделіп отыр.

Министр бұл бастама әзірге талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Ортақ ұстаным әлі қалыптаспаған, ұсыныстарды пысықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыс тобы нақты ұсынысты 1 маусымға дейін әзірлеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар