$ 532.74 € 617.23 ₽ 6.77

Зейнетақы өсті: Қазақстандықтар енді қанша алады?

Редакция
14 ақпан 2025 04:15 4181
Зейнетақы өсті: Қазақстандықтар енді қанша алады? Сурет авторы: inbusiness

Қазақстанда 1 ақпан жағдайына сәйкес орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 143 248 теңге болды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бұл соманың 95 789 теңгесі – еңбек зейнетақысы, ал 47 459 теңгесі – базалық зейнетақы.

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 346 млрд теңге бөлінді: 234,2 млрд теңге еңбек зейнетақысына, 111,8 млрд теңге базалық зейнетақыға бағытталды. Бүгінде Қазақстанда 2 млн 445 мың зейнеткер бар.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы 6,5%-ға, еңбек зейнетақысы 8,5%-ға өсті. Зейнетақыны көтеру инфляция деңгейін ескере отырып жүзеге асырылады, ал еңбек зейнетақысының өсуі болжамды инфляциядан 2%-ға жоғары болады.

Биыл минималды базалық зейнетақы 65%-дан 70%-ға дейін өсіп, 32 360 теңгені құрады, ал максималды мөлшері 105%-дан 110%-ға дейін ұлғайып, 50 851 теңге болды.

Министрліктің мәліметінше, базалық зейнетақы адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Егер қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды. Әр қосымша жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады, ал 30 жыл және одан жоғары өтілі бар азаматтар 110% мөлшерінде базалық зейнетақы алады.

Еңбек зейнетақысының мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне (кемінде 6 ай) және зейнетке шығу алдындағы орташа табысқа байланысты есептеледі. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты түрде аударылуына тікелей байланысты.

Соңғы жаңалықтар