$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

Зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляцияны өтей алмай отыр

Абдрахманов Мағжан
24 тамыз 2026, 11:38
Зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляцияны өтей алмай отыр Сурет авторы: Qrnews/ ЖИ иллюстрациясы

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінен түскен инвестициялық кірісі 2026 жылдың жеті айында 1,15 трлн теңге болды. Алайда инфляцияны есепке алғанда зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі әлі де теріс көрсеткіште, деп хабарлады БЖЗҚ.

1 тамыздағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің кірістілігі 4,39 пайызға жеткен. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 4,21 пайыз болған.

Нақты кірістілік неге теріс?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, осы кезеңдегі жинақталған инфляция 5,7 пайыз болды.

Осылайша, инфляцияны есепке алғандағы зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі минус 1,31 пайызды құрап отыр.

БЖЗҚ деректеріне сәйкес, кіріске кері әсер еткен негізгі факторлардың бірі – шетел валютасының қайта бағалануы. Шілде қорытындысында теңге долларға шаққанда 1,3 пайыз нығайған.

БЖЗҚ не дейді?

Қор қысқа мерзімдегі кірістілік көрсеткіштері зейнетақы активтерін басқару тиімділігін толық көрсете алмайтынын атап өтті.

БЖЗҚ түсіндіруінше, қаржы құралдары мен өзге операциялардан қысқа уақыт ішінде түскен кіріс бағалы қағаздар құны мен валюта бағамының ауытқуын әрдайым өтей бермейді.

Соңғы 12 айдағы кірістілік қандай?

2025 жылғы тамыздан 2026 жылғы шілдеге дейін салымшыларға есептелген инвестициялық кіріс шамамен 1,81 трлн теңге болды.

Осы 12 айдағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,13 пайызды құрады.

2027 жылдан бастап не өзгереді?

2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетке шыққан БЖЗҚ салымшыларына инфляция айырмасын біржолғы өтеу тоқтатылады.

Яғни мемлекет азамат зейнетке шыққан кезде оның жинағы еңбек еткен жылдардағы жинақталған инфляцияны кемінде өтейтініне бұрынғыдай кепілдік бермейді.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап азаматтарға зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар