$ 471.98 € 543.39 ₽ 5.82

Wildberries төңірегіндегі жағдай: Министр отандық маркетплейстерді таңдауға кеңес берді

Абдрахманов Мағжан
04 тамыз 2026, 14:55
Wildberries төңірегіндегі жағдай: Министр отандық маркетплейстерді таңдауға кеңес берді Сурет авторы: РИА Новости / Кирилл Каллиников

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға және кәсіпкерлерге отандық маркетплейстерді пайдалануға кеңес берді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда кәсіпкерлер сауда алаңын таңдағанда тәуекелдерді ескеруі қажет.

«Сауда министрі ретінде айтарым – біздің отандық маркетплейстерді пайдалану керек. Бұл – экономикалық ұлтжандылық. Қазақстандық маркетплейстердің үлесі қазір жоғары, сондықтан мүмкіндігінше өзімізден тапсырыс берген дұрыс. Ең бастысы – тапсырыс кепілді түрде жеткізілуі керек», – деді министр Үкіметтегі брифингте.

Шаққалиев кәсіпкерлерді де тауарларын сатуға қазақстандық маркетплейстерді таңдауға шақырды. Сонымен қатар министрлік Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан қазақстандық сатушылардың қанша шығынға ұшырағаны туралы нақты дерекке ие емес екенін айтты. Министр әлеуметтік желідегі расталмаған ақпаратқа сенбеуге үндеді.

Шілде айынан бері Ресейдегі Wildberries қоймалары бірнеше рет дрон шабуылына ұшырады. Осыдан кейін ресейлік БАҚ компанияның логистиканы әртараптандыру үшін Қазақстаннан ірі қойма іздеп жатқанын хабарлаған.

Алайда 29 шілдеде Сауда және интеграция министрлігі Wildberries Қазақстанда қосымша қойма орналастыру мәселесі бойынша ресми түрде жүгінбегенін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар