$ 469.93 € 541.64 ₽ 5.71

Wildberries Ресейден тыс қоймаларын кеңейтпек: тізімде Қазақстан бар

Абдрахманов Мағжан
08 тамыз 2026, 13:21
Wildberries Ресейден тыс қоймаларын кеңейтпек: тізімде Қазақстан бар Сурет авторы: Depositphotos

Ресейлік Wildberries ұзақ уақыт сақталатын тауарларының бір бөлігін Қазақстан, Өзбекстан және Беларусьтегі қоймаларға орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы компания өкілдерінің саудагерлермен кездесуіне қатысқан адамдарға сілтеме жасап The Moscow Times жазды.

Басылым дереккөзінің айтуынша, компания өкілдері ұзақ сақталатын тауарларға арналған қоймалар енді аталған үш елде болатынын мәлімдеген. Алайда бұл өзгерістің тауар бағасы мен жеткізу мерзіміне қалай әсер ететіні, сондай-ақ жүкті жаңа қоймаларға тасымалдау тәртібі әзірге түсіндірілмеген.

Бұған дейін «Коммерсант» Wildberries Қазақстаннан қосымша қойма іздеп жатқанын хабарлаған. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі компаниядан жаңа қоймаларға қатысты ресми өтініш түспегенін мәлімдеген еді.

4 тамызда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries Қазақстанда екі ірі логистика кешенін салып жатқанын хабарлады. Алматы мен Астанадағы нысандардың жалпы аумағы 260 мың шаршы метрден асады. Компания қазір елде шамамен 46 мың шаршы метр қойманы жалға алып отыр.

Министрдің айтуынша, Алматы мен Астанадағы жобалар бірнеше жыл бұрын жоспарланған және Ресейдегі Wildberries нысандарына жасалған дрон шабуылдарына қатысы жоқ.

Шілде айынан бері Ресейдегі Wildberries қоймалары бірнеше рет дрон шабуылына ұшырады. Украина президенті Владимир Зеленский бұл нысандарда Ресей әскеріне арналған тауарлар сақталғанын мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар