$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

Үздік оқырманға 10 миллион: Ауқымды республикалық марафонның шымылдығы түрілді

Редакция
28 қыркүйек 2026, 19:58
Үздік оқырманға 10 миллион: Ауқымды республикалық марафонның шымылдығы түрілді Сурет авторы: gov.kz

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасына арналған ресми брифинг өтті.

Брифингке ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы әрі комиссия төрағасы Мереке Құлкенов, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Сергей Пономарев, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Каналимов және Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Марина Подгайнова қатысты.

«Жылдың 10 оқырманы» жобасы 1 қыркүйекте ауқымды кітап оқу марафонымен басталды. Жобаның негізгі мақсаты – халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітапханалар рөлін күшейту және ел ішіндегі белсенді оқырмандар қатарын анықтау.

Былтыр бұл марафон үш өңірде пилоттық форматта өткізіліп, оған 190 мыңға жуық адам қатысқан болатын. Биыл жобаның ауқымы кеңейіп, еліміздің барлық өңірін толық қамтып отыр.

Қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды:

  •  Мектеп оқушылары
  •  Колледж студенттері
  •  Жоғары оқу орындарының студенттері
  •  Педагогтер
  •  Үш буын өкілдері бар отбасылар
  •  Мемлекеттік қызметшілер
  •  Өзге де азаматтар

Сонымен қатар саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін «Parasat» деп аталатын жеке бағыт қарастырылған. Марафонға қатысу толықтай тегін әрі ерікті негізде жүргізіледі.

Ұйымдастырушылар тарапынан қатысушылар үшін отандық және әлемдік әдебиеттің 345 шығармасынан тұратын арнайы тізім әзірленді. Шарт бойынша, әр қатысушы өзі таңдаған санатқа сәйкес 15 кітапты оқып шығуы тиіс.

Марафон 2027 жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Жоба еліміздің 195 ауданы мен 87 қаласын қамтиды деп жоспарлануда. Облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 4 мыңға жуық жүлдегер анықталады. Ал 20 өңірден үздік шыққан 200 қатысушы республикалық финалға жолдама алады.

Финалдық кезеңде қатысушылар арнайы әңгімелесуден өтіп, көпшілік алдында сөз сөйлейді. Осы кезеңде олардың оқыған шығармаларды қаншалықты меңгергені, логикалық ойлау қабілеті және әдеби туындыларды талдай білу деңгейі сарапқа салынады.

Жоба қорытындысы бойынша арнайы комиссия еліміздің 10 үздік оқырманын анықтайды. Олардың әрқайсысына «Жыл оқырманы» ресми атағы беріліп, 10 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.

Салтанатты марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні өтетін Республикалық оқырмандар форумы аясында өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар