$ 464.77 € 541.36 ₽ 5.41

Ұялы телефон сатып алу ережесі өзгереді: Міндеттелген биометрия кімдерге қатысты

Редакция
28 тамыз 2026, 09:46
Ұялы телефон сатып алу ережесі өзгереді: Міндеттелген биометрия кімдерге қатысты Сурет авторы: mediapark.uz

Смартфон сатып алғанда немесе SIM-карта ауыстырғанда енді бет-әлпетті сканерлеу міндеттелуі мүмкін. Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу мен тексерудің жаңа ережелерін әзірледі. Жоба «Ашық НПА» порталында жарияланды.

Басты мақсат - алаяқтықпен, ұрлықпен және елге заңсыз кіргізілетін контрабандалық телефондармен күрес. Жаңа ереже бойынша смартфонды алғаш рет атынан тіркегісі келетін азаматтар мен құрылғы иесін ауыстырушылар міндетті түрде биометриялық аутентификациядан өтпек. Жүйе мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграцияланып, бөгде адамның атына нөмір мен телефон рәсімдеуге толықтай бұғат қояды.

Сонымен қатар мемлекет гаджеттердің Қазақстанға әкелінген кезінен бастап, жөнделгеніне, сатылғанына немесе толық бұғатталғанына дейінгі бүкіл өмірлік циклін бақылауда ұстамақ. Смартфондардың IMEI-кодтары халықаралық GSMA базасымен автоматты түрде салыстырылады. Егер құрылғы «клон өнім» болып шықса немесе халықаралық қара тізімде тұрса, ол отандық байланыс желілерінен бірден ажыратылады. Түзеу мекемелерінде заңсыз пайдаланылатын телефондарды да жедел бұғаттау қарастырылған.

Бұл ережелер «Байланыс туралы» заңға енгізілген өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Құжатты ашық талқылау 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін созылады.

Соңғы жаңалықтар