$ 470.28 € 537.53 ₽ 5.99

Ұлттық банк төрағасының орынбасарына айыппұл салынды

Абдрахманов Мағжан
21 шілде 2026, 10:22
Ұлттық банк төрағасының орынбасарына айыппұл салынды Сурет авторы: Ұлттық банк

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованы 64 875 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы «Сот кабинетіндегі» мәліметтерден белгілі болды.

2025 жылғы желтоқсанда Жоғары аудиторлық палата Ұлттық банкке нұсқама беріп, алтын-валюта активтерінің инвестициялық қоржынын басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге төленген сыйақыларды 1 сәуірге дейін өндіріп алу шараларын қабылдауды талап еткен.

Сот отырысында Әлия Молдабекова әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін айтты. Оның түсіндіруінше, сыйақылар Ұлттық банктің ішкі актілеріне сай төленген, сондықтан қызметкерлердің негізсіз баюы немесе жосықсыз әрекеті жоқ. Сондай-ақ жалақыдан қаражат ұстау тек сот шешімімен немесе заңда көзделген өзге жағдайларда мүмкін екенін мәлімдеді.

Ұлттық банк нұсқаманы орындау үшін шара қабылдап жатқанын, алайда қаражатты сот арқылы өндіріп алу уақытты талап ететінін көрсеткен. Бұған қоса, талап қою мерзімінің өтуіне және соттың талапты қанағаттандырмау қаупіне назар аударған.

Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады. Әлия Молдабекова Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптары мен нұсқамаларын орындамауға немесе тиісінше орындамауға қатысты.

Соңғы жаңалықтар