Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен сақтау жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында инфляция 12,3% болды, бұл алдын ала болжанған 12–13% аралығына сай келеді. Баға өсіміне ең көп әсер еткен — азық-түлік тауарлары, олардың инфляциясы 13,5%-ды құрады. Ет пен сары майдың қымбаттауы өндірістік шығындардың өсуі және экспорттың артуымен байланысты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция 11,1%, ал ақылы қызметтер бағасының өсімі 12% деңгейінде тіркелді.
Реттеуші органның хабарлауынша, инфляция ішкі сұраныстың ұсыныстан басым болуы жағдайында қалыптасып отыр. Тарифтік өзгерістер мен жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың жанама әсерлері баға мен инфляциялық күтулерге ықпал етуде. Халықтың бір жыл алға инфляциялық күтулері 14,7%-ға дейін өссе, нарық сарапшыларының 2026 жылға болжамы 10,8%-ға жеткен.
Сонымен бірге 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық қызмет тарифтерін арттыру уақытша тоқтатылды. Ал 2025 жылғы 16 қазаннан бері АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасына қойылған мораторий 1 сәуірде алынуы мүмкін.
Ұлттық банктің келесі базалық мөлшерлеме бойынша жоспарлы шешімі 6 наурызда жарияланады.