$ 469.83 € 536.83 ₽ 5.97

Украина дрондары КҚК терминалына шабуыл жасап, қазақстандық мұнай тиелген танкерлерге соққы берді

Абдрахманов Мағжан
19 шілде 2026, 14:34
Украина дрондары КҚК терминалына шабуыл жасап, қазақстандық мұнай тиелген танкерлерге соққы берді Сурет авторы: КҚК баспасөз қызметі

Украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында қазақстандық мұнай тиелген екі танкерге шабуыл жасады, деп хабарлады консорциумның баспасөз қызметі.

Шабуыл ВПУ-1 және ВПУ-3 шығару айлақтарында мұнай тиеу операциялары кезінде болған. Нысанаға іліккен Asia және Nissos танкерлеріндегі мұнай қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына және америкалық Chevron-мен бірлескен «Теңізшевройл» кәсіпорнына тиесілі. Консорциум мәліметінше, мұнай тиеу процесі тоқтатылды, адам шығыны жоқ және мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген. Халықаралық экипажы бар Asia танкерінде тұтанған өрт дер кезінде сөндірілген.

«Бұл – халықаралық құқық қорғауындағы КҚК-ның азаматтық нысанына жасалған бесінші тікелей агрессия актісі», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Сонымен қатар ұйым консорциумның ешқандай санкциялар тізіміне кірмейтінін ерекше атап өтті.

АҚШ Мемлекеттік департаменті ақпан айында терминалға жасалған шабуылдардан кейін Киевті мұндай соққылардан тартынуға шақырған болатын. Бұған дейін Украинаның Вашингтондағы елшісі Ольга Стефанишина мұндай шабуылдардың Америка мен Қазақстанның экономикалық мүдделеріне әсер ететінін жеткізген еді. Айта кетейік, КҚК арқылы Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың 80 пайыздан астамы тасымалданады. Консорциум акционерлерінің қатарында Ресей (31%), Қазақстан (20,75%) және Chevron (15%) бар.

Соңғы жаңалықтар