$ 496.85 € 585.54 ₽ 6.49

Үкімет Каспийді сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді

Абдрахманов Мағжан
24 ақпан 2026, 09:18
Үкімет Каспийді сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді Сурет авторы: Informburo.kz

Президенттің Каспий теңізін кешенді зерделеу және сақтау, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет резервінен «Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ға 1,1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бөлінген қаражат институттың ғылыми әлеуетін күшейтуге бағытталады. Атап айтқанда, теңізде мониторинг жүргізуге арналған негізгі жабдықтар сатып алынып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханалар жаңғыртылады. Бұл Каспийдің қазақстандық секторындағы үдерістер бойынша ғылыми негізделген деректер қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта институт тиімді шешімдер әзірлеу үшін халықаралық ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейтіп отыр. Ол Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығына мүше.

Қаулыны іске асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиісті шараларды қабылдау, ал Қаржы министрлігіне бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылау жасау тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар