$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Түрмеде отырған алаяқтар халықты алдап, 2 млрд теңге пайда тапқан

Редакция
04 қараша 2024 06:12 2710
Түрмеде отырған алаяқтар халықты алдап, 2 млрд теңге пайда тапқан Сурет авторы: ашық дереккөзден

Түрмеде отырып алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Олар бір жыл ішінде халықты алдап, 2 миллиард теңгеден астам табыс тапқан, деп хабарлады Aikyn.kz.

Абақтыдағы Call-орталықтарында отырған қылмыскерлер сайттардағы люкс санатындағы көліктердің иелерімен келіссөз жүргізген, ал қалған жұмыстарды бостандықта жүрген серіктестері атқарған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен прокуратура бірлесіп, арнайы операция ұйымдастырды. Тінту барысында қолма-қол ақша, банк карталары, діни әдебиет, есеп жүргізу журналдары тәркіленген. Осылайша, алаяқтар бір жыл ішінде 2 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденген.

Қылмыстық топ сақтық шараларын мұқият орындаған. Құжаттарында қателік болмауы үшін мінсіз логистикалық компания құрып, сайттың жарнамасын жақсарту үшін арнайы мобилограф жалдаған.

Көліктерді «қолайлы бағамен тасымалдап береміз» деп уәде берген алаяқтар қымбат көлік иелерін құрықтарына түсіруге тырысқан. «Басқа қалаға жіберілді» деген көлік те, сөйлескен адам да жоқ болып кеткен. Ұрланған көліктердің вин-кодтарын өзгертіп, шетелге сатып жіберіп отырған.

Бұл топ Қазақстанның 9 өңірінде әрекет жасаған, ал олардың басшылары Алматы облысындағы түрмеде жазасын өтеп жүргендер болған. Қылмыскерлердің шоттарына күн сайын үлкен сома түсіп отырған.

Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Елуден аса қылмыскер түскен ақшаны құмар ойындарға жұмсаған. Қазір олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар