$ 469.83 € 536.83 ₽ 5.97

Түркістан облысында нашақорлар мен психикалық ауытқуы бар адамдарға жүргізуші куәлігін берген

Абдрахманов Мағжан
18 шілде 2026, 17:49
Түркістан облысында нашақорлар мен психикалық ауытқуы бар адамдарға жүргізуші куәлігін берген Сурет авторы: istock

Түркістан облысында нашақорлар мен психиатриялық есепте тұрған адамдарға көлік жүргізу куәлігі берілген, деп хабарлады Бас прокуратура.

Сарыағаш ауданының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар 89 адамның жүргізуші куәлігін алып, автокөлік тізгіндегені анықталды. Олардың барлығы арнайы медициналық мекемелерде тіркеуде тұрған азаматтар болып шықты.

«Сарыағаш ауданының прокуратурасы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ Түркістан облысы аумағында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған және көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар 89 адамның жүргізуші куәлігі болғаны және олардың көлік басқаруға жіберілгені анықталды», – делінген қадағалау органының хабарламасында.

Заңнама талаптарына сәйкес, психикалық ауытқулары, сондай-ақ психоактивті заттарды тұтынуға байланысты бұзылулары бар тұлғаларға көлік құралдарын басқаруға қатаң тыйым салынған.

Осыған байланысты прокурорлық қадағалау актісінің негізінде соттар аталған тұлғалардың көлік құралын басқару құқығын тоқтатты. Ал тексеріс қорытындысы бойынша заң бұзушылыққа жол берген кінәлі лауазымды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар