$ 494.66 € 581.87 ₽ 6.43

Түркістан облысында ер адам бүйрегін 13 млн теңгеге сатпақ болған

Абдрахманов Мағжан
20 ақпан 2026, 09:51
Түркістан облысында ер адам бүйрегін 13 млн теңгеге сатпақ болған Сурет авторы: Freepik

Түркістан облысында ауданаралық сот бүйрегін сатуды жоспарлаған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында айыпталушы Telegram желісінде бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Кейін ол жедел іс-шара аясында әрекет еткен сатып алушымен жалған атпен кездескен. Тараптар 13 миллион теңгеге келісім жасаған.

Ер адам 5 миллион теңгені қолма-қол алып жатқан сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ұсталған.

Сот материалдарында оның бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайы мен қаржыға мұқтаждығы итермелегені көрсетілген.

Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 116 және 24-баптары бойынша – тірі адамның органдарына қатысты заңсыз мәмілеге оқталу дерегімен айып тағылған. Сот отырысында ол кінәсін толық мойындады.

Қылмыс орташа ауырлық санатына жататынын және нақты зиян келтірілмегенін ескерген сот амнистия туралы заңға сәйкес ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, іс жүргізуді тоқтатты.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар