$ 536.32 € 626.9 ₽ 6.6

Түркістан облысында екі полицей есірткі сатып жатқан жерінен ұсталды

Абдрахманов Мағжан
17 қазан 2025 11:15 180
Түркістан облысында екі полицей есірткі сатып жатқан жерінен ұсталды Сурет авторы: Primeminister.kz

Түркістан облысында екі полиция қызметкері есірткі сату дерегі бойынша ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына жауабында мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, күдіктілерді ІІМ Ішкі қауіпсіздік департаменті мен Түркістан облыстық Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлесіп ұстаған.

«Құқыққа қарсы әрекет жасады деген күдікпен екі полиция қызметкері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілердің бірі қашып кетті деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

«Полиция департаментінде тәртіптік комиссия отырысы өтті. Оның шешімімен екі қызметкер де жұмыстан босатылды», – деп нақтылады Әлекешев.

Сондай-ақ өзге де жауапты басшыларға қатысты қызметтік тексеріс басталған.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында Түркістан облысында полицейлердің тәркіленген есірткіні қайта сатып жүргені туралы ақпарат жариялаған болатын. Оның дерегінше, ұсталғандардың бірі – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары, екіншісі – жедел уәкіл.

Соңғы жаңалықтар