$ 467.65 € 533.26 ₽ 5.96

Түркістан облысында 3 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған 27 адам сотталды

Абдрахманов Мағжан
23 шілде 2026, 10:43
Түркістан облысында 3 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған 27 адам сотталды Сурет авторы: Freepik

Түркістан облысында ауыл шаруашылығына бөлінген 3 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деп танылған 27 адамға үкім шықты. Ұйымдасқан топ мүшелері қылмыстық әрекеттегі рөліне қарай алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Тергеу мәліметінше, 2016–2021 жылдары «КТ Яссы Несие» серіктестігінің басшылығы агробизнеске мал сатып алуға арналған «Аграрлық несие корпорациясының» қаражатын жымқырған. Ол үшін жалған адамдардың атына шаруашылықтар тіркеліп, қолдан жасалған кәсіпкерлік жоспарлар мен шын мәнінде жоқ кепіл мүлік туралы құжаттар тапсырылған.

Несие мамандары жалған қорытындылар мен актілер әзірлеген. Бағалаушылар мүліктің құнын негізсіз өсіріп көрсеткен немесе жоқ мүлікке баға берген. Ал нотариустар ақша үшін жалған құжаттарды куәландырған.

Іс бойынша 33 заң бұзушылық дерегі, 24 жалған несие және шын мәнінде жоқ 54 кепіл нысаны анықталды.

Сот үкімімен 19 үй, 10 жер телімі, екі пәтер, төрт сауда нысаны және төрт автокөлік тәркіленді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар