$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Түркістан облысында өрттен 12 адам қаза тапты: 9-ы – бала

Абдрахманов Мағжан
18 қараша 2025 09:26 291
Түркістан облысында өрттен 12 адам қаза тапты: 9-ы – бала Сурет авторы: Видеодан кадр

Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан 12 адам, оның ішінде 9 бала көз жұмды. Тағы үш адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы жағдай таңғы уақытта орын алған. Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері шағын отбасылық жиын өткізіп, қонақтардың біразы түнеп қалған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, өрт туралы «101» қызметіне таңертең хабар түскен. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер үйдің түгелдей жалынға оранғанын анықтаған.

Құтқарушылар үй ішінен үш адамды ес-түссіз күйде шығарып, дәрігерлерге тапсырған. Кейін іздестіру кезінде 12 адамның мәйіті табылған.

Өрттің жалпы аумағы 360 шаршы метрге жуық болған. Қазір оқиға орнында полиция мен төтенше жағдай қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталып, қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкімдігіне отбасыларға көмек көрсету және өрттің мән-жайын толық тексеруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар