$ 481.54 € 553.24 ₽ 5.93

Трамптан соң кім АҚШ президенті болуы мүмкін?

Абдрахманов Мағжан
30 наурыз 2026, 11:00
Трамптан соң кім АҚШ президенті болуы мүмкін? Сурет авторы: Andrew Harnik / Getty Images

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс биылғы Консервативті саяси конференцияда (CPAC) Республикалық партия атынан келесі президенттікке негізгі үміткер ретінде таңдалды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бейресми сауалнамаға қатысқан 1,6 мыңнан астам адамның 53 пайызы Вэнсты қолдаған. Екінші орынға 35 пайыз дауыс жинаған Мемлекеттік хатшы Марко Рубио жайғасты.

Сарапшылардың пікірінше, 2028 жылғы сайлауға үміткерлердің тағдырына АҚШ-тың Ирандағы әскери операциясының нәтижесі тікелей әсер етпек. Соғыстың тез әрі жеңіспен аяқталуы Марко Рубионың позициясын нығайтса, қақтығыстың созылуы антисоғыс риторикасын ұстанатын Джей Ди Вэнске мүмкіндік беруі мүмкін. Айта кетейік, Вэнс бұған дейін АҚШ-тың шетелдегі соғыстарға қатысуына қарсы шығып келген, бірақ қазіргі уақытта Иранның ядролық қаруға ие болмауы керектігі жөнінде Дональд Трамптың ұстанымын қолдайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар елдегі ішкі саяси жағдай да күрделеніп барады. Трамп әкімшілігінің депортациялау шаралары мен Ирандағы соғысқа қарсылық ретінде АҚШ-тың ірі қалаларында "No Kings" қозғалысының жаппай митингілері өтуде. Наразылық шаралары Нью-Йорк, Вашингтон және Даллас сияқты қалаларды қамтып, кей жерде демонстранттар мен полиция арасында қақтығыстар орын алды.

Қазіргі таңда президент Дональд Трамптың рейтингі жанармай бағасының өсуі мен соғысқа деген халықтың наразылығы салдарынан 36 пайызға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш оның Ақ үйге оралғаннан бергі ең төменгі деңгейі болып тіркелді. Алдағы қараша айында өтетін Конгресс сайлауы республикашылдардың ішкі бірлігі мен болашақ президенттік доданың бағытын айқындап бермек.

Соңғы жаңалықтар