$ 476.07 € 541.86 ₽ 6.08

Трамп жаңа баж салығын енгізді: тізімде Қазақстан да бар

Абдрахманов Мағжан
24 шілде 2026, 09:40
Трамп жаңа баж салығын енгізді: тізімде Қазақстан да бар Сурет авторы: Gettyimages.ru

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 80-нен астам елден әкелінетін тауарларға жаңа кедендік баж енгізетінін мәлімдеді. Бұл тізімге Қазақстан да енген.

Жаңа мөлшерлемелер 24 шілдеде күшіне енеді. Олар бұған дейін қолданылған 10 пайыздық баждың мерзімі аяқталғаннан кейін енгізілмек.

АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грирдің мәлімдеуінше, жаңа баж мөлшері тауар мен елге қарай 10 пайыздан 12,5 пайызға дейін болады. Тізімде Қазақстаннан бөлек Ұлыбритания, Мексика, Канада, Аустралия, Үндістан, Қытай және Еуропа одағына мүше 27 мемлекет бар.

Ақ үй жаңа шектеулерді 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөліміне сүйеніп енгізіп отыр. Бұл норма мәжбүрлі еңбекті пайдалануға байланысты елдерге қарсы сауда шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

Петерсон халықаралық экономика институтының заңгерлері сауда серіктестері сотқа жүгінген жағдайда жаңа баждардың күші жойылуы мүмкін деп есептейді. Олардың пікірінше, әкімшіліктің бұл шешіміне қатысты құқықтық дау туындауы ықтимал.

Қазақстаннан АҚШ-қа жөнелтілетін қандай тауарларға жаңа мөлшерлеме қолданылатыны және оның екі ел арасындағы саудаға қаншалық әсер ететіні әзірге нақтыланған жоқ.

Соңғы жаңалықтар