$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Тоқаевтың Жапонияға сапары: тараптар 3,7 млрд долларлық келісімдерге қол қояды

Редакция
18 желтоқсан 2025, 09:40
Тоқаевтың Жапонияға сапары: тараптар 3,7 млрд долларлық келісімдерге қол қояды Сурет авторы: Aqorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Токиода жапондық ірі бизнес өкілдерімен жеке кездесулер өткізеді. Сапар барысында 40-тан астам құжатқа қол қою көзделген. Келісімдер қамтитын негізгі салалар қатарында энергетика, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, тау-кен өндірісі және көлік бар.

Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта», ҚТЖ қол қояды. Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power, RIKEN KOGYO компаниялары қатысады.

«Президенттің Жапонияға сапар бағдарламасы ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулерге өте бай», – деп жазды Руслан Желдібай.

Ресми сапар 18–20 желтоқсан аралығында өтетіні хабарланған болатын. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ Жапонияның іскер топ өкілдерімен кездесулері жоспарланған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысады.

Соңғы жаңалықтар