$ 439.37 € 498.6 ₽ 5.22

Тоқаев Украинадағы соғысты «тоқтата тұру» дегенде нені меңзегенін түсіндірді

Абдрахманов Мағжан
30 қыркүйек 2026, 09:31
Тоқаев Украинадағы соғысты «тоқтата тұру» дегенде нені меңзегенін түсіндірді Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғысты «тоқтата тұру» туралы бұған дейінгі сөзін түсіндірді. Оның айтуынша, әңгіме соғысты бірден аяқтау емес, әскери қимылдарды тоқтатып, одан кейін дипломатиялық келіссөздерге көшу туралы болып отыр. Мемлекет басшысы бұл пікірін Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейінгі брифингте ARD телеарнасының сұрағына жауап бергенде айтты. 

Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің бұл мәселеге қатысты өзінің жеке ұстанымын түсіністікпен қабылдағанын айтты. Президент сонымен бірге Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаларын ұстанатынын және барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығын құрметтеуді жақтайтынын атап өтті. 

«Мен соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда мұның мүмкін бола қоймайтынын түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтата тұрып, содан кейін дипломатиялық немесе басқа да келіссөздерге көшу туралы айтып отырмын. Біздің ұстанымымыз – осы», – деді Тоқаев. 

Президент Қазақстанның Украина халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүрі мен тіліне құрметпен қарайтынын айтты. Сондай-ақ Ресей мен Украинаны Қазақстанның жақсы достары деп атады. 

Тоқаев Ресеймен қарым-қатынас туралы айта келе, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның ұзындығы 7 597 шақырым екенін және Қазақстанда 2,7 млн этникалық орыс тұратынын атап өтті. Оның сөзінше, сыртқы саясатта мұндай жайттардың барлығын ескеру қажет. 

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызы зор екенін айтып, Украинадағы соғысты тоқтатуға қолдан келгенше үлес қосуға ниетті екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар