$ 476.07 € 541.86 ₽ 6.08

Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынды

Абдрахманов Мағжан
25 шілде 2026, 23:05
Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынды Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатып, «Ыстанбұл 2.0» келіссөз үлгісіне оралуды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде айтты.

Тоқаев бұл жағдайды мемлекетаралық қақтығыс деп санайтынын және Қазақстанның арағайын болуға ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар келіссөзді қайта бастап, ірі державалардың кепілдігі арқылы бейбіт келісімге қарай қадам жасай алады.

«Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады», – деді Тоқаев.

Президент Қазақстанның бұл мәселеден сырт қалмайтынын, алайда бірнеше рет ұсыныс түскеніне қарамастан, арағайындық міндетін атқарудан бас тартқанын айтты.

«Мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қақтығыстың жалғасуы салдарынан жастар қаза тауып жатқанын айтып, қарулы текетіресті тоқтату қажеттігін атап өтті.

«Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек», – деді Президент.

Кездесу соңында Тоқаев Қазақстанның Ресеймен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға бейіл екенін растады.

Тоқаевтың мәлімдемесі 25 шілдеде Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жасалды.

Соңғы жаңалықтар