$ 446.56 € 512.34 ₽ 5.3

Тоқаев Путинді Ресейдегі Мемлекеттік Дума сайлауының өтуімен құттықтады

Абдрахманов Мағжан
21 қыркүйек 2026, 10:45
Тоқаев Путинді Ресейдегі Мемлекеттік Дума сайлауының өтуімен құттықтады Сурет авторы: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге құттықтау жеделхатын жолдап, оны тоғызыншы шақырылымдағы Мемлекеттік Дума сайлауының өтуімен құттықтады.

Тоқаев жеделхатында сайлауды Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға деп атаған. Сондай-ақ дауыс беру нәтижесіне қатысты Ресей Президентінің стратегиялық бағытын халық кеңінен қолдайтынын атап өткен.

«Сайланған Мемлекеттік Дума депутаттары азаматтардың әл-ауқатын көтеру және Ресейдің әлемдік держава ретіндегі әлеуетін нығайту мақсатында тиімді шаралар мен шешімдер қабылдайтынына күмән жоқ», – делінген құттықтауда.

Жеделхатта Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық байланысқа да назар аударылған. Тоқаев Қазақстанда биыл алғаш рет жаңа бір палаталы Құрылтай сайланған тұста екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты жалғастыруға мән берген. Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті.

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары мен Ресей парламентарийлері екі ел арасындағы ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты белсенді жалғастыратынына сенім білдірген.

Жеделхат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге мемлекеттік қызметінде табыс тілеген.

Соңғы жаңалықтар