$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Тоқаев пен Трамп құны $17 млрд болатын келісімге қол қойды

Абдрахманов Мағжан
07 қараша 2025 07:59 254
Тоқаев пен Трамп құны $17 млрд болатын келісімге қол қойды Сурет авторы: Ақорда

Вашингтонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың ресми кездесуі өтті.

Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу Ақ үйде өтті. Қазақстан Президенті америкалық тараптың қонақжайлығы мен жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдіріп, АҚШ Президентінің тарихи рөлін атап өтті.

– Сіздің басшылығыңызбен Америка Құрама Штаттары әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретінде өз позициясын одан әрі нығайтып келеді. Сіздің көшбасшылығыңыз ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның АҚШ Президентінің «Халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) атты бастамаларын толық қолдайтынын мәлімдеді. Бұл бастама Орта дәліздің әрі қарай дамуына және өңірлік тұрақтылыққа үлес қосуға бағытталған.

Өз кезегінде Дональд Трамп Құрама Штаттардың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға және жаңа экономикалық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін айтты.

Сапар аясында екі ел арасында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар энергетика, инфрақұрылым, технология және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.

Тараптар сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі.

Соңғы жаңалықтар