$ 481.83 € 556.8 ₽ 5.85

Тоқаев Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты марапаттады

Абдрахманов Мағжан
26 наурыз 2026, 12:36
Тоқаев Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты марапаттады Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты және оның бапкерлерін марапаттады. Салтанатты рәсім Ақордада өтті.

Президент Италияда өткен жарыстың Қазақстан үшін табысты болғанын атап өтті. Ербол Хамитов бұл додада алтын және қола медаль жеңіп алған.

«Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік», – деді Президент.

Жарлыққа сәйкес, Ербол Хамитов ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы жоғары жетістігі үшін III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденін алды. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Президент паралимпиада қозғалысына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгіледі», – деді Тоқаев.

Ербол Хамитов әлемдік додаға аттанар алдында мемлекеттік Туды тапсырып, сенім артқаны үшін Президентке алғыс айтты

– Осы Паралимпиада ойындары мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Сіздің қолдауыңызбен жеңіске жеттік. Бұған мамандардың және бапкерлердің сіңірген еңбегі зор. Сіздің қолдауыңыз әр спортшыға күш-қуат береді. Біз мұнымен тоқтамаймыз, – деді Паралимпиада чемпионы.

Соңғы жаңалықтар