$ 486.2 € 557.82 ₽ 6

Тоқаев келесі президент сайлауының мерзімін нақтылады

Редакция
16 наурыз 2026, 11:34
Тоқаев келесі президент сайлауының мерзімін нақтылады Сурет авторы: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдумда дауыс бергеннен кейін журналистердің өткір сұрақтарына жауап берді. Мемлекет басшысы елдегі келесі президенттік сайлаудың қашан өтетінін нақтылап, вице-президент лауазымына қатысты қауесеттерге нүкте қойды.

Көптеген саяси сарапшылардың конституциялық реформаны «билік транзитіне дайындық» деп бағалауына Президент кесіп жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келесі президенттік сайлау қолданыстағы Ата Заңға сәйкес, өз мерзімінде – 2029 жылы өтеді.

Жаңа Конституциямен енгізілетін вице-президент қызметі қоғамда үлкен талқылау тудырған болатын. Президент бұл лауазымның айналасындағы түрлі қауесеттерден хабардар екенін жеткізді:

«Кейбір сарапшылар Қазақстанда билік ішіндегі бәсекелестік күшейіп, түрлі тенденциялар белең алып жатыр деп алаңдайды. Алайда, бұл жағдайдың қоғамға теріс әсері тиеді деп қауіптенуге еш негіз жоқ», — деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев вице-президент лауазымын енгізу мемлекеттік басқару жүйесін нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Бұл қадам болашақта мемлекеттік билік институттарының тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Президент бұл лауазымға да, жүргізіліп жатқан реформаларға да зор сенім артатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар