$ 468.88 € 534.1 ₽ 6.04

Тоқаев Қатар Әміріне көңіл айту үшін Дохаға барды

Абдрахманов Мағжан
14 шілде 2026, 09:34
Тоқаев Қатар Әміріне көңіл айту үшін Дохаға барды Сурет авторы: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін Дохаға барды, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы шейх Хамадтың Қатардың қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Президент оны көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. 1999 жылғы алғашқы сапары кезінде оны сол кездегі сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алған.

Президент шейх Хамадтың қолдауымен Астанада әл-Фараби мешіті салынғанын, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асқанын еске алды.

Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Ол мұны Қазақстан мен Қатар халықтары арасындағы бауырластық байланыстың айғағы деп бағалады.

Кездесу барысында мемлекет басшылары қазіргі халықаралық ахуал мен Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды қабыл алды.

Соңғы жаңалықтар