$ 502.57 € 591.68 ₽ 6.42

Тоқаев Астанаға тағы бір әуежай керек деп санайды

Абдрахманов Мағжан
24 желтоқсан 2025, 18:12
Тоқаев Астанаға тағы бір әуежай керек деп санайды Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте елорданың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мәселесін пысықтау қажет екенін айтты.

Президенттің сөзінше, Үкімет пен қала әкімдігі бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеп, нақты ұсыныс енгізуі тиіс.

– Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда Мемлекет басшысы авиахабтарды дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар түйткілге назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін авиациялық жанармай көлемі жеткіліксіз.

– Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Бұл жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұрғыда жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін де қарастыруға болатынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай шешімнің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар, сондықтан Үкімет бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын айқындап, түбегейлі шешім қабылдауы қажет.

Соңғы жаңалықтар