$ 544.26 € 634.72 ₽ 6.52

Тоқаев Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды

Абдрахманов Мағжан
26 қыркүйек 2025 18:11 378
Тоқаев Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды Сурет авторы: Primeminister.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы мәртебе беру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Құжатқа сәйкес, арнайы мәртебенің негізгі мазмұны мен бағыттары ретінде мынадай міндеттер айқындалды:

  • жаңа салаларға инвестиция тартып, кәсіпкерлікті дамыту арқылы қаланың жедел әлеуметтік-экономикалық өсуін қамтамасыз ету;

  • Алатаудың дамуына кез келген жеке инвестицияны тартуға және қорғауға жағдай жасайтын жаңа институционалдық база қалыптастыру;

  • қаланы басқаруда заманауи халықаралық тәжірибелерді енгізу, соның ішінде арнайы экономикалық аймақ аясындағы басқару тетіктерін пайдалану.

Жарлықпен қаланы дамыту жөніндегі кеңес құру тапсырылды. Үкіметке 1 қарашаға дейін кеңестің ережесін бекіту, Alatau City Authority атты мемлекеттік қор түріндегі заңды тұлға құру және оның негізгі мақсатын – қаланың арнайы мәртебе аясында жұмыс істеуін қамтамасыз ету деп белгілеу жүктелді. Қор мемлекеттік бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін, 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Президент Тоқаев Алатауға арнайы құқықтық мәртебе беруді тапсырған болатын. Ол бұл мәртебенің артықшылық емес, қажеттілік екенін, онсыз қала жобалары қағаз жүзінде қалып қою қаупі барын айтқан еді.

Мемлекет басшысының сөзінше, Alatau City өңірдегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналуы тиіс: smart-city технологияларын енгізіп, тіпті тауар мен қызметті криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар