$ 458.48 € 534.68 ₽ 5.43

Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуды ұсынды

Абдрахманов Мағжан
26 тамыз 2026, 12:27
Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуды ұсынды Сурет авторы: Getty Images

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Үкімет тиісті заң жобасын әзірлеп, Құрылтайға енгізген. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына алғашқы сессияда осы мәселені қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, балалардың қалыптасуына отбасы мен мектептен бөлек, сыртқы орта да айтарлықтай ықпал етеді.

«Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы, эмоциялық тұрақтылығы мен адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің орнықты дамуының маңызды факторына айналды», – деді Президент.

Тоқаев 2018 жылы қабылданған балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңды қазіргі жағдайға сай қайта қарап, елеулі өзгерістер енгізу қажет екенін айтты. Президент мұндай шектеулердің басқа елдерде де енгізіліп жатқанына тоқталды.

Оның сөзінше, балаларға зиян келгеннен кейін оның салдарымен күресуден гөрі, қауіптің алдын алуға басымдық беру керек.

Сонымен қатар Президент Үкіметке кәмелетке толмағандарды зиянды ақпараттан қорғау үшін мазмұнды сүзгілеуді күшейтуді тапсырды. Тоқаев бұл мәселені тек ата-аналардың жауапкершілігіне қалдыруға болмайтынын айтты.

Мемлекет басшысы бұдан бөлек, балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу аясын кеңейтуді тапсырды. Оның пікірінше, мұндай SIM-карталар балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар