$ 502.6 € 589.95 ₽ 6.5

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Air Astana 700-ден астам қазақстандықты қонақүйлерге орналастырды

Редакция
02 наурыз 2026, 09:20
Таяу Шығыстағы шиеленіс: Air Astana 700-ден астам қазақстандықты қонақүйлерге орналастырды Сурет авторы: Ulysmedia

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарға байланысты әуе қатынасының уақытша тоқтатылуы салдарынан Air Astana компаниялар тобы өз жолаушыларына шұғыл көмек көрсетуде. Әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта баратын жеріне жете алмай қалған 735 Қазақстан азаматы компания есебінен уақытша қонақүйлерге орналастырылды.

 Олардың ішінде Дохада – 174, Дубайда – 330, ал 28 ақпанда Алматы – Дубай бағытынан Делиге бағытталған рейстің 231 жолаушысы бар.

Әуе компаниясы жолаушыларды бір тәулік бойы тегін тұру орнымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар Дубайдағы Flora Al Barsha және Flora Creek қонақүйлерімен келісім жасалып, тегін тұру мерзімі аяқталғаннан кейін қазақстандықтар үшін арнайы жеңілдік тарифтері қарастырылған. Мамандардың айтуынша, одан әрі елге оралу немесе құқықтық көмек алу мәселелері бойынша жолаушылар Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің шұғыл байланыс нөмірлеріне хабарласуы қажет.

Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі де аймақтағы төтенше жағдайдың зардаптарын азайту үшін ауқымды шаралар қабылдап жатқанын жариялады. Gulf News басылымының мәліметінше, БАӘ-нің Азаматтық авиация бас басқармасы (GCAA) рейстерді әуежайлар арасында қайта бөліп, терминалдарда адам кептелісін болдырмау үшін үйлестіру жұмыстарын күшейткен. Араб БАҚ-тарының хабарлауынша, БАӘ үкіметі рейстері кейінге шегерілген 20,2 мыңнан астам жолаушының қонақүй мен тамақтану шығындарын өз мойнына алды. Абу-Даби эмиратындағы қонақүйлерге де туристердің тұру мерзімін рейстер қалпына келгенше ұзарту туралы нұсқау берілді. Қазіргі уақытта жолаушыларға рейс мәртебесін әуе компанияларынан тікелей нақтылап отыру ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар