$ 493.36 € 572.84 ₽ 6.29

Таяу Шығыстағы қақтығыс: 3,3 мың қазақстандық елге оралды

Абдрахманов Мағжан
06 наурыз 2026, 11:07
Таяу Шығыстағы қақтығыс: 3,3 мың қазақстандық елге оралды Сурет авторы: shutterstock

Таяу Шығыстағы әскери қақтығысқа байланысты 3 300 қазақстандық елге қайтарылды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, эвакуация басталғалы бері отандық және шетелдік әуе компаниялары барлығы 12 рейс орындап, Қазақстан азаматтарын елге жеткізген.

Сонымен қатар азаматтарды елге қайтару жұмыстары тек әуе рейстері арқылы ғана емес, құрлық жолымен де жүргізіліп жатыр.

– Ирандағы қазақстандық дипломатиялық өкілдіктер 6 наурызда «Заркух» компаниясының жеті қызметкерін Иран мен Армения шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар осы компанияның 34 қызметкерінің Иран–Армения шекарасынан автобуспен өтуін ұйымдастырған, – делінген хабарламада.

Осылайша Ираннан жалпы саны 52 Қазақстан азаматы шығарылған.

Қазір Қазақстанның өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастармен тұрақты байланыс ұстап отыр.

Айта кетейік, 28 ақпанда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігі арқылы ұшуға арнайы бұйрыққа дейін толық тыйым салған. Сонымен қатар Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыс елдеріне тұрақты рейстердің тоқтатылуын 10 наурызға дейін ұзартты.

Ал Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды Таяу Шығыс елдеріне, оның ішінде Египетке сапар жоспарламауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар