$ 463.91 € 544.63 ₽ 6.26

Таразда полициядан қашқан 15 жастағы жасөспірім жол апатына түсіп, бір адам қаза тапты

Абдрахманов Мағжан
13 мамыр 2026, 10:22
Таразда полициядан қашқан 15 жастағы жасөспірім жол апатына түсіп, бір адам қаза тапты Сурет авторы: ашық дереккөзден

Тараз қаласында көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім полициядан қашып бара жатқанда жол апатына ұшырап, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, патруль қызметкерлері жол ережесін бұзған Audi көлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші талапқа бағынбай, жоғары жылдамдықпен қашуға әрекет жасаған. Қуғын барысында ол көлікті басқара алмай, электр желісінің бетон бағанасына соғылған.

Апат салдарынан жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Кейін анықталғандай, көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ 15 жастағы жасөспірім болған.

Жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, оның ішінде көліктің қалай берілгені тексерілуде.

Қылмыстық іс аясында көлік иесінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ ата-анасы баланы тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар