$ 488.37 € 559.77 ₽ 6.64

Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Абдрахманов Мағжан
22 маусым 2026, 16:20
Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті Сурет авторы: ҚФФ

Талғат Байсуфинов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

Федерация өкілдері бұл жаңалықты өкінішпен қабылдағанын, алайда маманның шешіміне құрметпен қарайтынын мәлімдеді. ҚФФ-тің хабарлауынша, Байсуфинов ұлттық құраманы жаттықтырған кезеңдеріндегі ең үздік нәтижесіне қол жеткізген. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз алаңында Бельгиямен тең түсіп, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартқан. Федерация Талғат Маруанұлына кәсібилігі мен ұлттық құраманың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Талғат Байсуфинов команда тізгінін ұстаған уақыт ішінде өзінің ұлттық құрамадағы барлық кезеңдері арасындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Оның жетекшілігімен футболшылар өз күшіне деген сенімін қайта тапты және ФИФА рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартты», – делінген федерация хабарламасында.

Ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы жоспарлы түрде жалғасады. Ал жаңа бас бапкердің есімі әзірге жарияланған жоқ.

Талғат Байсуфинов 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді. Ол бұған дейін де 2016–2017 және 2020–2022 жылдары ұлттық құраманы жаттықтырған. Сондай-ақ «Есіл-Богатырь», «Ақсу», «Ертіс» және «Ақжайық» клубтарында қызмет атқарған.

Соңғы жаңалықтар