$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Талғарлық Хасан заңсыз жолмен пайдалы қазбаларды өндірумен айналысқан ба?

Редакция
28 қараша 2024 03:06 2635
Талғарлық Хасан заңсыз жолмен пайдалы қазбаларды өндірумен айналысқан ба? Сурет авторы: видеодан кадр

Ішкі істер министрлігі КазТАГ редакциясының сұрауына жауап беріп, бұған дейін Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жариялаған материалда айтылған мәліметтерге қатысты түсініктеме берді. Ол материалда Алматы облысы Талғар ауданындағы «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобы және оның жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаев туралы айтылған болатын. Сонымен қатар Ертісбаев заңсыз карьерлер туралы деректерді көтерген еді.

Министрлік заңсыз пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын қылмыстық топтардың қызметін тоқтату бағытында шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Алматы облысындағы рейдтер барысында Талғар өзенінің бойында заңсыз қазба жұмыстары жүргізілгені анықталғанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Талғар ауданында жұмыс істеп тұрған 11 карьер бар, олардың бәрі лицензия немесе келісімшарт негізінде әрекет етіп жатыр. Алайда бірнеше заңсыз карьер анықталып, олардың құжаттары мүлдем жоқ екені белгілі болды. Бұл мәселелер бойынша жиналған материалдар Экология департаментіне жіберілген.

Еске салайық, Ертісбаев өз мәлімдемесінде Кендала ауылдық округіндегі ірі карьерлерде пайдалы қазбалар заңсыз өндірілуі мүмкін екенін айтып, бұл заңсыздықтардың жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының қылмыстық топтармен байланысы арқылы жүзеге асуы ықтимал екенін жеткізген.

Соңғы жаңалықтар