$ 440.86 € 500.77 ₽ 5.27

«Тағы бір әскери қызметші қаза болды»: Маңғыстаудағы қайғылы оқиға туралы жалған ақпарат таратқандар жазаланды

Абдрахманов Мағжан
30 қыркүйек 2026, 10:08
«Тағы бір әскери қызметші қаза болды»: Маңғыстаудағы қайғылы оқиға туралы жалған ақпарат таратқандар жазаланды Сурет авторы: Қорғаныс министрлігі

Полиция Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде тараған бірнеше мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Тексеріс қорытындысында кейбір азамат әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Полиция мәліметінше, Д.С. және Г.С. есімді азаматтар Facebook парақшаларында әскери қызметші А.А. туралы жазба жариялаған. Онда А.А. суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, өз бетімен жағаға шыққаны, ал оның ерлігі мен құтқарылу жағдайы қасақана жасырылып отырғаны айтылған.

Тексеру кезінде Д.С. бұл ақпаратты алыстағы туыстарынан естігенін айтқан. Ал Г.С. мәліметті әлеуметтік желіден көріп, шынайылығын тексерместен өз парақшасында жариялағанын түсіндірген.

Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Ведомство мәліметінше, А.А. оқу-жаттығу кезінде жағалауда болып, жоспар бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Онымен бірге мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. де жағалауда болған. Қазір екі әскери қызметші де әскери бөлімде қызметін жалғастырып жатыр.

Осыған байланысты полиция А.А.-ның өз бетімен жағаға жүзіп шыққаны, суға батып бара жатқан жолдасын құтқарғаны және оның ерлігі қасақана жасырылып отырғаны туралы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Сонымен қатар полиция Шымкент тұрғыны С.К. мен Көкшетау тұрғыны К.О.-ны анықтаған. С.К. Facebook парақшасында тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпарат жариялап, оның туыстарына қысым жасалып, олардан ақша талап етіліп жатқанын жазған. Полиция бұл мәліметтердің де шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.

К.О. да Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны туралы ақпарат таратқан. Полиция бұл мәліметті де жоққа шығарды.

Әкімшілік материалдарды қараған сот аталған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тартып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салған. 

Полиция басқа адамның жазбасын тек қайта жариялаудың өзі жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың растығын тексеріп, расталмаған мәліметті таратпауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар