$ 476.97 € 562.59 ₽ 6.27

Студенттен туберкулез табылды: Алматыдағы оқу орнында жаппай тексеріс басталды

Редакция
14 сәуір 2026, 17:12
Студенттен туберкулез табылды: Алматыдағы оқу орнында жаппай тексеріс басталды Сурет авторы: kazlenta.kz

Алматы қаласындағы оқу орындарының бірінде 4-курс студентінен өкпе туберкулезі табылып, колледж ұжымы мен білім алушылар жаппай медициналық тексерістен өтті. Қазіргі таңда жағдай тиісті органдардың жіті бақылауында.

Наурыз айының соңында студенттің денсаулығы сыр беріп, емханаға жүгінуі барысында қауіпті дерт белгілері расталған. Студент дереу оқу процесінен шеттетіліп, мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды.

Білім басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі оқиғадан соң келесідей іс-қимылдарды жүзеге асырды:

Барлығы 1738 студент, 150 оқытушы және техникалық қызметкерлер флюорографиялық зерттеуден өтті. Науқаспен бір топта болған 20 студент пен 15 оқытушыдан қосымша АТР-тест алынды. Тексерілген барлық тұлғалардан дерт белгілері анықталған жоқ, сынамалар теріс нәтиже көрсетті. Оқу корпустары мен студенттер жатақханасында толық дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Айта кетерлігі, науқас студент жатақханада тұрмаған, бұл дерттің өзгелерге жұғу қаупін айтарлықтай төмендетті. Қазіргі уақытта оқу орнында профилактикалық бақылау жұмыстары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар