$ 469.71 € 536.17 ₽ 6.01

Стамбұлда қаза тапқан қазақстандықтың өліміне тапсырыс бергендер анықталды

Абдрахманов Мағжан
15 шілде 2026, 10:26
Стамбұлда қаза тапқан қазақстандықтың өліміне тапсырыс бергендер анықталды Сурет авторы: видеодан кадр

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Қазақстан, Түркия және Грузия аумағында жүргізілген бірлескен арнайы операция барысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленгенін хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде Стамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың атылып өлтірілуіне қатысты қылмыс ашылған. Үш елдің құқық қорғау органдары кісі өлтіруді орындады деген күдікпен екі адамды ұстаған.

Тергеу барысында қылмыстың себебі, сондай-ақ оны ұйымдастырған және тапсырыс берген адамдар анықталған. ІІМ олардың халықаралық қылмыстық орта өкілдері екенін мәлімдеді.

Жедел ақпаратты талдау кезінде ұсталғандардың Қазақстан аумағында жасалған өзге де ауыр қылмыстарға қатысы бары анықталған. Тергеу дерегіне сәйкес, олар АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу ісі бойынша жазасын өтеп жатқан қылмыс серкесінің жетекшілігіндегі трансұлттық қылмыстық топтың құрамында болған.

Алматыда арнайы жасақ осы топтың жалдамалы кісі өлтірушісі деп күдікке ілінген адамды ұстады. Тергеу мәліметінше, ол 2025 жылғы тамызда Алматы тұрғынын өлтіруге оқталған. Сонымен қатар осы қылмыстық құрылымның тағы бірнеше мүшесі қолға түскен.

Грузия аумағында да трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды.

Соңғы жаңалықтар