$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

«Сіздер жақсы білетін адам»: Тоқаев болашақ Вице-президент туралы айтты

Абдрахманов Мағжан
23 тамыз 2026, 12:50
«Сіздер жақсы білетін адам»: Тоқаев болашақ Вице-президент туралы айтты Сурет авторы: Ақорда

Қазақстанда Вице-президент қызметіне кім тағайындалатыны келесі аптада немесе он күн ішінде белгілі болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін «Хабар» телеарнасының тілшісі Сағыныш Әбікейдің сұрағына жауап бергенде айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, Вице-президент лауазымын енгізу – конституциялық реформаның маңызды өзгерістерінің бірі. Президент қазіргі әлемдегі ахуалды ескере отырып, мұндай қызмет Қазақстанға қажет екенін атап өтті.

«Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын», – деді Тоқаев.

Президент алдағы уақытта басқа да реформалар жалғасатынын айтты. Соның ішінде жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру көзделіп отыр. Тоқаевтың пікірінше, Халық Кеңесі бұрын Ассамблея атқарған қызметті одан әрі күшейтуі керек.

«Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев елдегі өзгерістер саяси реформалармен шектелмейтінін де айтты. Оның сөзінше, Қазақстан «үлкен құрылыс алаңына» айналып, облыс орталықтарында, аудандар мен қалаларда емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынуы қажет.

Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауын қорытындылай келе, саяси науқан кезінде жаңа тұлғалар шығып, тың ұсыныстар айтылғанын жеткізді. Оның пікірінше, жаңа Құрылтай елдің дамуына тың серпін беруі тиіс.

Соңғы жаңалықтар