$ 466.08 € 538.56 ₽ 5.65

Шымкентте мыңдаған отбасы мектепке берілетін әлеуметтік көмектен қағылды: Әкімдік себебін түсіндірді

Редакция
11 тамыз 2026, 15:11
Шымкентте мыңдаған отбасы мектепке берілетін әлеуметтік көмектен қағылды: Әкімдік себебін түсіндірді Сурет авторы: Акимат области Жетысу

Шымкент қаласында оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға арналған бюджеттік көмекке өтініш білдірген ата-аналардың басым бөлігіне бас тарту шешімі шықты. Түскен өтініштердің 63 пайызы мемлекеттік электронды қорлар арқылы тексеруден өте алмаған. Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.

Ата-аналардың шағымына байланысты Шымкент қалалық Білім басқармасы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін мектепке беретін көмекке құқығы бар азаматтарды білім беру ұйымдарының өзі анықтап келген. Алайда жүргізілген тексерістер бұл тәсілдің қателіктерге ұрындырғанын, нәтижесінде қаржылай қолдау белгіленген критерийлерге сәйкес келмейтін тұлғаларға да тағайындалғанын көрсеткен.

Бұрын аталған санатты тексеретін сандық тетіктердің болмауынан Шымкентте көмек алушылар саны өзге республикалық маңызы бар қалалармен салыстырғанда тым көбейіп кеткен. Мысалы, 2024 жылы бұл төлемді 46,8 мың оқушы (2 млрд теңге) алса, 2025 жылы көрсеткіш 57 мыңнан асып (2,6 млрд теңге), 2026 жылы жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, 66 мың оқушыны қамту жоспарланған. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы мұндай қолдауды Алматыда – 6 мың, ал Астанада – 5,6 мың оқушы ғана алған.

Биылдан бастап өтініштерді тексеру толығымен автоматтандырылды. Ұлттық білім беру деректер базасы 25 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланып, өтініштер QOSYMSHA жүйесі арқылы қабылдануда. Түскен 78,5 мың өтініштің 50 мыңына (63%) ресми түрде бас тартылды, 18,9 мыңы қаралуда, ал 9,6 мың өтініш мақұлданып, төлемге жіберілді. Бас тартылған өтініштердің басым бөлігінде азаматтардың жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен екені мемлекеттік базалар арқылы расталмаған.

Қазіргі уақытта мамандар ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әкімдік сандық тексеру механизмі бюджет қаражатын шын мәнінде мұқтаж отбасыларға әділ әрі ашық бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы, Қазақстан бойынша 2026 жылы оқушыларды мектеп формасымен, аяқ киіммен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар