$ 499.83 € 581.5 ₽ 6.42

Шымкентте бір подъезден төрт адамның мәйіті табылды

Абдрахманов Мағжан
05 наурыз 2026, 10:18
Шымкентте бір подъезден төрт адамның мәйіті табылды Сурет авторы: видеодан кадр/ КТК

Шымкентте бір көпқабатты үйдің бір подъезінде төрт адамның өліміне байланысты мән-жай анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға газдан улану себеп болуы мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Оқиға «Студенческий городок» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Бір подъездің үш пәтерінен төрт адамның мәйіті табылған.

Бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі анықталған. Екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің мәйіті табылған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде 20 жастағы студент қыздың денесі ванна бөлмесінен шыққан.

Үй тұрғындарының айтуынша, пәтер иесі келген кезде ванна бөлмесінің есігі ішінен жабық болған.

– Алдымен бір қызды тапты. Пәтер иесі келгенде ваннаның есігі жабық тұрған. Ашып қараса, жалға алушы қыз жуынып жатқан жерінен көз жұмған. Содан кейін учаскелік полиция қызметкерін шақырды. Тұрғындарды сыртқа шығара бастады. Құтқарушылар келіп, басқа пәтерлердің есіктерін ашқанда тағы мәйіттер табылды, – деді үй тұрғыны Ислам Файзуллаев.

Көршілердің сөзінше, бірнеше күн бойы подъезде газ иісі сезілген, алайда тиісті шаралар қабылданбаған.

Шымкент қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша «адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар