$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот басталды

Абдрахманов Мағжан
28 шілде 2025 15:13 369
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот басталды Сурет авторы: t.me/mazhilis_kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Айыпталушы Жиенбайға ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) және 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Жиенбай 21 сәуірде әкімдік ғимараты маңында Берденовті аңдып жүріп, аңшы мылтығымен бес рет оқ атқан. Ол "бақылау үшін" тағы бір мәрте атпақ болғанымен, оғы таусылып қалған.

Сот отырысында айыпталушы тергеу кезінде азапталғанын айтып, бұл туралы нақты дәлелдер ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Судья айыпталушыны бейнежазбаға түсіруге тыйым салып, келесі отырысқа Руслан Берденовтің өзі қатысуы тиіс екенін айтты. Келесі тыңдау 6 тамыз күні сағат 10:00-ге белгіленді.

Айта кетейік, Руслан Берденовке жасалған қастандық 21 сәуір күні жұмысынан шыққан сәтте, әкімдік ғимараты маңында болған. Жарақат алған Берденов шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, екі аптадан кейін емделіп шыққан.

Соңғы жаңалықтар