$ 470.46 € 543.1 ₽ 5.86

Шығыс Қазақстан облысында арақ сатылмайтын ауылдар саны артты

Редакция
06 сәуір 2026, 09:40
Шығыс Қазақстан облысында арақ сатылмайтын ауылдар саны артты Сурет авторы: yk-news.kz

Шығыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Сергек ауыл» бастамасы аясында ішімдік сатудан толық бас тартқан елді мекендердің қатары көбейіп келеді. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл мұндай ауылдардың саны 26-ға жетті. Айта кетейік, 2025 жылы аймақта спирттік өнімдерден бас тартқан 21 елді мекен тіркелген болатын.

Бұл тізімді Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылдық округіне қарасты Бозша ауылы толықтырып, өңірдегі 26-шы «таза» ауыл атанды. Игі бастаманың авторы — ауылдың белсенді жастары. Олардың ішімдіктен бас тарту туралы ұсынысын жергілікті ақсақалдар мен тұрғындар бірауыздан қолдаған. Бүгінде 60-қа жуық түтіні, 154 тұрғыны бар Бозша ауылы спорттық шаралардың ошағына айналып, салауатты өмір салтын күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде ұстанып отыр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, алкоголь өнімдерін сатуға шектеу қойылған елді мекендерде криминогендік ахуал айтарлықтай жақсарған. Әкімдік хабарламасында атап өтілгендей, ішімдік сатылмайтын ауылдарда құқық бұзушылық деңгейі төмендеп, мас күйінде жасалатын қылмыстар азайған. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық фактілері де сирек кездеседі. Осылайша, Бозша ауылының бұл қадамы қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беруде өзге өңірлерге үлгі болып отыр.

Соңғы жаңалықтар