$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

ШҚО-ның Марқакөл ауданында 24 пәтер салынады

Редакция
23 қыркүйек 2026, 17:47
ШҚО-ның Марқакөл ауданында 24 пәтер салынады Сурет авторы: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 12 бірқабатты үй салынады. Онда барлығы 24 пәтер болады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қалжыр ауылында аудан тұрғындарымен кездесуде айтты.

Жиында Марқакөл ауданын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспары таныстырылды. Құжатта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілген. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында биыл 408 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу да көзделген. Қазір мыс өндіру және қайта өңдеу зауытын кеңейтуге 1 млрд теңге инвестиция салынып жатыр. Жоба кәсіпорынның өндірістік қуатын арттырып, металлургияға қажетті өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған. Бұдан бөлек, 2028–2030 жылдары ауданда алтын өндіретін фабрика мен Қалжыр өзенінде шағын су электр станцияларының тізбегін салу жоспарланған.

Марқакөл ауданында 330-дан астам шаруа қожалығы бар. Биылғы сегіз айда 3,1 мың тонна ет өндіріліп, 8,3 мың тонна сүт сауылған. Облыс әкімі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға қосып, жем-шөп қорын молайтуды тапсырды.

Ауданда туризмді дамыту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында 11 туристік бағыт жұмыс істейді. Ақжайлау ауылындағы «Уасси» этноауылында ұлттық мәдениет пен дәстүр таныстырылып, табиғат аясында демалу және атқа міну мүмкіндігі қарастырылған. Урунхайка ауылының демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылымды реттеу жобасы іске асырылған.

Шамамен 2,5 мың адам тұратын Марқакөл ауылында ауызсу жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Қайта жаңарту жұмыстары 2025 жылы басталған. Биыл 28 шілдеде жаңа жүйе іске қосылып, ауыл тұрғындары жаңа су көзінен ауызсу ала бастаған. Жобаның келесі кезеңі жалғасып жатыр.

Алдағы жылыту маусымына аудандағы 43 дербес қазандық пен бюджеттік мекемелер толық дайын. Марқакөл ауылындағы жылу желілерін жаңарту және қуаты 12,5 МВт жаңа қазандық салу жобалары әзірленген. Қазір оларды қаржыландыру мәселесі Энергетика министрлігімен пысықталып жатыр.

Білім саласында Қайнарлы ауылында 50 орындық мектеп салынып, Төсқайың ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Ауданда 2–6 жас аралығындағы 22 бала балабақша кезегінде тұр. Сақтағанов аудан әкіміне білім басқармасымен бірге 2–3 жастағы балаларға қосымша орын ашу мәселесін шешуді тапсырды.

Сонымен қатар Марқакөл ауданындағы 23 елді мекеннің 19-ы интернетке қосылған. Бұл аудан халқының 90,9 пайызын қамтиды. Қалған ауылдарды 2027 жылдың соңына дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы арқылы желіге қосу жоспарланған.

Ауданда қазір 22 мәдениет және 59 спорт нысаны жұмыс істейді. Марқакөл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау жұмыстары да жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар