$ 455.4 € 526.99 ₽ 5.25

Шетелдіктер үшін Қазақстанға кіру ақылы болуы мүмкін

Редакция
01 қыркүйек 2026, 15:32
Шетелдіктер үшін Қазақстанға кіру ақылы болуы мүмкін Сурет авторы: iapn.kz

Қазақстанға келетін шетелдік азаматтар үшін шекарадан өту тәртібі түбегейлі өзгермек. Алдағы уақытта елге кіру үшін шетелдіктер арнайы электронды рұқсат (QazETA) алып, белгілі бір мөлшерде ақы төлеуге міндеттелуі мүмкін.

Сербия Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына ресми түрде ескерту жасап, Қазақстанға сапарлау үшін 72 сағат бұрын электронды өтінім берсе – 3,9 мың теңге (шамамен 8 еуро), ал тікелей шекарада ресімдесе – 7,6 мың теңге (16 еуро) төлеу қажеттігін хабарлады. Бұл жүйе екі ел арасындағы визасыз режимге қарамастан қолданылмақ.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа редакциясы аясында QazETA электронды рұқсаты 2026 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында кезең-кезеңімен енгізіледі. Жаңа ереже ЕАЭО елдерінің азаматтарына да қатысты болады.

Шектеулердің күшке ену кестесі:

  • 25 тамыз – 1 қараша: Жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді. Бұл аралықта рұқсаттың болмауы елге кіруге кедергі келтірмейді.

  • 1 қарашадан бастап: Әуежайлар арқылы ұшып келетіндер үшін рұқсат алу міндетті болады. QazETA болмаса, жолаушылар рейске жіберілмейді.

  • 15 қарашадан бастап: ЕАЭО сыртқы құрлық шекаралары (Қытай, Түркіменстан) арқылы өтетін автокөліктер үшін күшіне енеді.

  • 30 желтоқсаннан бастап: Талап ЕАЭО ішкі шекараларына (Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан), теміржол қатынасы мен теңіз порттарына толықтай таралады.

Алынған электронды рұқсат 180 күн бойы жарамды болады, ал оның иесі Қазақстан аумағында жиынтық түрде 90 күнге дейін қала алады. Қазірше ІІМ қай елдердің азаматтарына төлемақы жүктелетінін ресми түрде нақтылап жариялаған жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар