$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Шерзат ісі бойынша күдіктілер изоляторда туған күн тойлаған: 16 басшы мен қызметкер жазаға тартылды

Редакция
19 ақпан 2025 02:57 1521
Шерзат ісі бойынша күдіктілер изоляторда туған күн тойлаған: 16 басшы мен қызметкер жазаға тартылды Сурет авторы: видеодан скриншот

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында Шерзат ісі бойынша күдіктілердің туған күн тойлап жатқан видеосы тарағаннан кейін, бұл жағдайға қатысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді.

Әлеуметтік желілерде изолятор камерасында төрт адамның музыка қосып, торт жеп,туған күн тойлап жатқаны туралы бейнежазба тараған еді. 

"Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді. Бейнежазбаны бұрынғы ИВС қызметкері жеке телефонына түсіргені анықталды. Ол қызмет мүдделерін сатып, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылды және арнайы атағынан айырылды. Сонымен қатар бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп мәлімдеді ІІМ.

Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісті бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер тәртіптік жазаға тартылды, олардың кейбірі қызметінен босатылды, соның ішінде уақытша ұстау изоляторының бастығы да бар.

"Осы оқиғадан кейін ИВС-тегі режимді қатаң бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг жүйесі енгізілді, сондай-ақ ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды", – деп атап өтті министрлік.

Айта кетейік, 16 жастағы Шерзат Полат 4 қазанда төбелес кезінде көз жұмған. Осы оқиға бойынша 11 адам қамауға алынған.

Соңғы жаңалықтар