$ 533.61 € 621.07 ₽ 6.78

Шенген визасын алу оңайлай ма? Қазақстан мен ЕО келіссөздерді бастады

Редакция
18 қазан 2024 08:02 4323
Шенген визасын алу оңайлай ма? Қазақстан мен ЕО келіссөздерді бастады Сурет авторы: vlast.kz/ Жанар Каримова

Еуропалық Одақ пен Қазақстан визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздерге дайын екендігін растады. Бұл туралы Schengen.News хабарлады.

Осы аптада өткен 21-кездесу барысында екі тарап та визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді дайындауға ашық екендігін білдірді. Бұл келісім қазақстандықтардың Еуропалық Одақ елдеріне сапарларын жеңілдетуді көздейді.

ЕО-ның санкциялар бойынша арнайы халықаралық елшісі Дэвид О'Салливанның айтуынша, тараптар келіссөздерді ресми түрде бастаған, бірақ толық шешім қабылданбас бұрын келіссөздерді жан-жақты дайындау қажет. О'Салливан Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастардың жақсарып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан билігі бұған дейін шенген визасына төлем мөлшерін 90 еуродан төмендетуді және визаларды ұзақ мерзімге беру мен өтініштерді өңдеу уақытын қысқартуды сұраған болатын. Еуроодаққа елден заңсыз миграция қаупінің жоқтығын айтып, бірқатар шара қабылданғанын да жеткізді.

2023 жылы қазақстандықтар 159 072 шенген визасына өтініш берген, оның ішінде 143 970 адамға виза берілген. Қазақстан шенген визасына өтініш берген елдер арасында 20-орында.

Соңғы жаңалықтар